Д.А. Қонаев атындағы мұражай-үйіне экскурсия

2016 жылдың 2 қарашасында Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар Академиясының Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Сарбасова Айжамал Бейсенбековнаның жетекшілігімен 1 курс студенттері Д.А. Қонаев атындағы мұражай-үйіне барып қайтты. 1994 жылдың 24 ақпанында Елбасының «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында» қаулысы шыққан. Д.А. Қонаев атындағы мұражай-үйін ашуға себепкер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болған екен. Онда Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанға сіңірген ерекше еңбегі үшін Алматы қаласында Д.А. Қонаевтың мұражай -үйін құру туралы айтылған. 2001 жылдың қараша айында Алматы қаласы әкімдігінің және Халықаралық Қонаев қорының көмегімен мұражай ресми түрде ашылған. Мұражайда Қонаевтың бюсті, жеке қолданған заттары, портреттері, кілемдері, тарихи құжаттары бар. Жәдігерлердің жалпы саны — 2999. Бұл бұрынғы кеңестік республикалар аумағында мемлекет басшыларына арналып ашылған бірден-бір мұражай үйі болып табылады.

Қонаевтың шынайы тұлғасын анық ашуға, яғни оны қарапайым тұлға ретінде көрсетуге «Қонаев кабинеті» мемориалдық орны кең мүмкіндік береді. Бұл орын, Қонаевты тек мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, шынайы өмірде болған тұлға ретінде де ашып көрсетеді.

Д.А. Қонаев кабинеті — жәдігерлердің толықтай шынайылығыменен ерекшеленеді, оны жабдықтау барысында Қонаевтың кабинетінде бірнеше рет болған мемориалды тұлғаның замандастары мен достарының көмегі көп болған екен. Қонаевтың жеке заттарына жататын дүниелер студенттердің ерекше қызығушылығын туғызды. Бұлар көптеген куәліктер, қаламдар, әшекейлі оттықтардың жиынтығы, қолдан жасалған түрлі пышақтар, лунаход, танктердің сувенирлері. Осының барлығын студенттер қолмен ұстап көрді. Өйткені қазіргі жастар өте білімдар, әр нәрсеге ерекше қызыға қарайды.

Түпнұсқалардың мемориалды мұражайда ерекше қызығушылық туғызатыны белгілі. Жоғары оқу орындарының Қазақстан тарих пәнін оқитын барлық 1 курс студенттері Қонаев кабинетінде болғанда шынайы тарихи әрі уақыттық ортаға түскендей күй кешеді. Мұражайда кітапхана ашылып, онда Қонаевтың жеке өзінің кітаптары мен қызметтес әріптестерінің кітаптары орын алған. Онда Д.А. Қонаев туралы жазылған 66 кітап топтамасы бар екен. Кітаптардың саны 3000 данадан асады. «Қызыл зал» деп аталатын залда Д.А. Қонаевтың балалық, жастық шағы, еңбек жолының басталуы кезеңдерін қамтыған. Студенттер мұражай қызметкеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып сабақта алған білімдерімен сабқтастыра білді. Алған әсерлерімен бөлісті. Студенттердің бойында патриоттық, туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін оятты деген ойдамын.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on vk
VK