English Қазақ тілі Русский Кыргызча 简体中文

Латын әліпбиіне көшу – ел өміріндегі өзекті мәселе

Бүгінгі таңда қоғамда қызу талқыланып жатқан, көпшіліктің белсене атсалысуы барысында оң пікір тудырып отырған өзекті мәселе – латын әліпбиіне көшу. Республикамыздың жетекші оқу орындарының бірі Қазақ Еңбек және Әлеуметтік Қатынастар Академиясының оқытушы-профессорлық құрамы ел өміріндегі осы бір айтулы мәселеден тыс қалмай өз қолдауларын білдірді. Талқылауға арналған жиынды жүргізген академия ректоры профессор, БҰҰ Халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент-мүшесі Б. М. Бесбаева латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы, ел өміріндегі алатын орны, әлемдік жаһандану үрдісіне ілесудегі ықпалы және жастардың озық технологиямен ағылшын тілін меңгеруге тигізетін пайдасы туралы айта келіп Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады». Сол себепті латын харпіне көшу еліміздің өркениет көшінен қалып қоймай, өзге елдермен тең дәрежеде дамуына әсерін тигізетін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мәселе дей келіп академия оқытушы-профессорлық құрамының қазіргі латын әліпбиіне көшу мәселесін қолдайтындығы туралы пікір білдірді.

Келесі кезекте сөз алған әлеуметтік ғылымдар және құқық факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, доцент Д. А. Ажинурина: «Ел өміріндегі елеулі мәселе болып табылатын латын әліпбиіне көшу әрбір ұлт жанды азаматты толғандырады. Халқымыздың 1940-шы жылға дейін қолданып келген латын әліпбиіне көшуі туралы мәселе дер кезінде көтеріліп отырған, маңызды мәселе. Бұл Елбасымыздың көрегендік саясатының, ел болашағына тереңнен толғана келе айтылған пікірінің көрінісі. Сондықтан еліміздің ертіңінің мәнді де мағыналы, жастарымыздың сауатты, ұлтжанды болып қалыптасуына оң әсер етері сөзсіз». Жиын барысында Қазақ Еңбек және Әлеуметтік Қатынастар Академиясының оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қоғам жаңғыруына оң ықпал ететін латын әліпбиіне көшуді бірауыздан қолдап,оң пікір білдірді.

Share on facebook
Facebook
Share on twitter
Twitter
Share on vk
VK