Қазақ жазуының латын графикасына өту мәселелері


Қазақ жазуының латын графикасына өту мәселелері

«Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты»

Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

Латын графикасына көшу жөнінде нақты қадам да жасалды, жаңа алфавиттің үл­гісі де жария етілді. Баспа түрін­дегі қаріптерге көпшіліктің көзі тез үй­ренгенімен, оның жазбаша таңбаларын иге­ріп, жазып кету де өз алдына бір әлем. Н.Ә. Назарбаев өзінің жаңа еңбегінде: «… қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деді. Елбасының айтуынша, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығара бастауымыз керек. Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының «ӘҒжП» факультетінің деканы, з.ғ.д., профессор Д.А. Ажинуринаның басшылығымен «Әлеуметтік гуманитарлық пәндер» кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен «Қазақ жазуының латын графикасына өту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуды ашқан «Әлеуметтік гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Советхан Баянұлы Елбасының тапсырмасымен қолға алынып отырған латын әліпбиіне көшудің ел өміріндегі маңызына тоқталып, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХ ғасырдағы ғылыми және білім беру үдерісінің ерекешеліктеріне байланысты туындап отырған мәселе екенін атап көрсетіп, дөңгелек үстел басындағы мәжілісті бастады.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнеп Мүсілімқызы Базарбаева аталған ғылыми мекеме ғалымдары қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасын дайындауға 2007 жылдан бастап кіріскенін айтты.

Ғалым З.М. Базарбаева салғастырмалы-типологиялық, жалпы тіл білімі және түркі тіл білімі саласы бойынша жетекші ғалымдардың бірі. Түркі тілдеріндегі жаңа бағыт – интонология саласын зерттеп, қазақ интонологиясының негіздерін қалыптастырған еңбектері жариялаған болатын.

«Дәл қазіргі таңда, латын әліпбиін қабылдар сәттегі тарихи кезеңде и мен у-ды таратып екі таңбамен жазу мәселесі қайтадан көтеріліп отыр. Латын жазу жүйесінде бұл дыбыстар бір ғана таңбамен жазылуы керек» деген ғалым апайымыз студенттерге латын қарпінің жазылуын мысалдар келтіріп, дәлелді, дәйекті түсіндіріп берді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін суперсегментті фонетика тұрғысынан зерттеп, интонология саласын қалыптастырған әрі қазақ тіліндегіинтонемалар мен оның варианттарын анықтап берген ғалым З. Базарбаева: «Тіл иелері бұл дыбыстарды (и, у) дифтонгоид фонема ретінде қабылдайды, ал жазуда олар бір әріппен белгіленіп, адамның санасына еніп, фонологизация құбылысына бағынған. Сондықтан дыбыс тіркестерін кейде бір ғана әріппен таңбалауға болады. Сауатты жазу мен дұрыс сөйлеу үшін орфография мен орфоэпиядан хабардар болу керек. Осы екі пәнді бірдей оқыту керек», – дейді. Ғалымның латын графикасының жазылу ерекшеліктерін үйрету туралы әңгімесін ортаға салып, оның жалғасы үлкенпікір, ұсыныс айтумен толықты. Себебі қазіргі заман жазудың ықшамдылығын, үнемділігін талап етіп отыр. Оқытушы – профессор құрамы және  студенттер өз ойларын ортаға салып, қызу талқы болды. Елбасымыздың жария еткен еңбегінде айтылғандай, енді бүкіл халық бо­лып жаңа әліпбимен оқып, жазуды үйрене бастауымыз қажет, ол заманның, жаңғырған жаһанданудың зор талабы болып отыр.