«Әлихан Бөкейханов – тәуелсіздік жаршысы»


«Әлихан Бөкейханов – тәуелсіздік жаршысы»

Наурыз айының 26 жұлдызында Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар Академиясында «Қазақ жастары» ұйымының ұйымдастыруымен «Әлихан Бөкейханов – тәуелсіздік жаршысы» атты еске алу кеші өтті. Оған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих және құқық институтының Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Тлеубаев Шәмек Баянұлы және Нұрман Шолпан Төрегелдіқызы қатысты.

«Қазақ жастары» ұйымы жақында құрылғандықтан, «Қазақ жастары» ұйымының Академия қабырғасында ұйымдастырған ең алғашқы шарасы осы еске алу кеші болды. Бұл кеш өте ерекше, есте қаларлықтай болды. Әлихан атамыз жайлы мектеп қабырғасында алған біліміміз шыңдала түсіп, атамыз жайлы мол мағлұмат алғанымыз хақ.

Кеш Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындаумен басталды. Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар Академиясының оқу ісі жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Садыкова Жанар Ертайқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, кешіміздің шымылдығын ашты.

Содан соң, «Алаш» қайраткерлерін  1 минуттық үнсіздікпен еске алдық. Келесі кезекте, кешіміздің қонақтары Тлеубаев Шәмек Баянұлы және Нұрман Шолпан Төрегелдіқызы өз сөзінде Әлихан Бөкейханов жайлы өте құнды, тарихи деректер келтіре отырып, мазмұндағы мағлұмат берді. Сонымен қатар, қонақтарымыз Академиямыздың кітапханасына «Алаштын» зиялы қауымы жайлы бірнеше кітаптарды сыйға тартты.

Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы Академия студенттері презентация арқылы толығырақ мәлімет беріп өтті. Кешіміз қызықты өтуі үшін кеш ұйымдастырушылары көрермендерге арнап ауызша сұрақ – жауап және бейне сұрақ – жауап түрінде ойындар ұйымдастырды.

Әрине, «құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» – демекші кешіміз Сүйенғали Ғасырдың орындауындағы «Ерке сылқым» күйімен және Сәкен Сейфулланың орындауындағы «Анашым» әнімен одан әрі әсерлене түсті.

Кеш соңында қонақтарымызға Академиямыздың атынан кішігірім сыйлықтарымызды тарту еттік. Кешті Қазақ Еңбек және Әлеуметтік қатынастар Академиясының құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Хусаинов Олег Баяхметұлы қорытындылап, келген қонақтарға Академиямыздың атынан алғыс айтты.

Біз өз сөзімізді Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңімен түйіндесек дейміз:

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын,
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі –Күн, бірі – Шолпан, Бірі – Айым.