Музей – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру құралы


Музей – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру құралы

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп туған жерін тарихын зерттеп білуде, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда рухани тәрбие құралы музейлер туралы жазылған болатын.

12 қазан 2017 жылы қаламыздың тарихын жетік білу мақсатында «Құқықтану» мамандығының 1-курс студенттері «Алматы қаласы тарихы» музейіне барды. Алматы музейі 2001 жылы ашылған. Бүгінде ол Жетісу өңірінің тарих-мәдени мұраларының барлық саласын қамтыған ірі ғылыми және мәдени орталық. Музей коллекциялары 35 мыңға тарта экспонаттарды құрайды. Олардың арасында – бейнелеу өнерінің шығармалары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазірде Алматыда тұратын халықтар өкілдерінің этнографиясы, әртүрлі дәуірлер мен мәдениеттер тұрмыстық заттарының коллекциялары, нумизматика, фото және құжаттар бар. Студенттер музейдегі экспонат, карта, құжаттармен танысып қана қоймай, музей ғимараты тарихы жайлы да құнды мәліметтер алды. Музей қызметкерлерінің айтуынша: «Ғимарат 1892 жылы салынған. Жобаның авторы – сәулетші Поль Лионель Базиль Гурдэ. Верный бөбектер үйін 1879 жылы Қоғамдық бөбектер үйі комитеті құрған болатын. 1883 жылғы 1 тамызда Қала Думасы бөбектер үйінің ғимаратын салу үшін 2 орам (12 усадьбалық орын) бөлді. Ғимарат құрылысын салу жобасы мен сметасы Қамқоршылар Кеңесінің техникалық бөлім бойынша Құрметті мүшесі П.Гурдэге сеніп тапсырылды. 20 шілдеде ғимарат пен шіркеу дайын болды және 1892 жылғы 27 тамызда дәріптелді.1897 жылдан бастап бөбектер үйі Жетісу облыстық қамқоршылығының құрметті мүшесі Н.Пантусовтың қамқорлығында болды. Кеңестік уақытта бөбектер үйі Есік қаласына көшірілді. 1929 жылы ғимаратқа ҚазАКСР үкіметі, кейінірек – медицина мекемесі, 1-ші балалар клиникалық ауруханасы, Алматы медицина колледжі орналасты, қазіргі кезде мұнда – Алматы музейі орын тепкен».

Музей 11 экспозициялық залдан тұрады және мультимедиалық технологиялармен Алматының көне дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихы суреттелген.

Жалпы, бұл музейлермен танысу – олардың кеудесінде өткен тарихымыз бен ұлттық мәдениетіміз туралы мақтаныш сезімдерін ұялатты. Олар алған әсерлерін айтып, толқығандарын жасырмады. Студенттер тарихи танымдарын кеңейтуде музейдің алар орны ерекше екенін түсініп, болашақта тарихи жерлерге көбірек саяхат жасап тұрамыз деп шешті.