Орталық мұражайға саяхаттау


2016 жылдың 14-қыркүйегінде Юо/к-15, Юопк/к-15, Юо/р-16, Юопкр/р-16, Юо/к-15 және Юопк/к-15 топтарының студенттері Орталық мұражайға барып, мұражайдың коллекцияларымен танысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі — Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі. Оның алғашқы коллекциялары XIX ғасырдың 30 жылдары Орынбор қаласындағы Неплюев әскери училищесіндегі «Орынбор өлкесінің Музеумінде» жинақталған. Кейіннен музей қоры Жетісу облыстық музейі, казак әскері және дінге қарсы күрес республикалық комитетінің коллекцияларымен толықты.

1931 жылдан бастап музей Верный қаласының танымал сәулетшісі А.П. Зенковтың жобасымен 1904 – 1907 жж. салынған бұрынғы Кафедралдық собор ғимаратында орналасты.

Музейдің қазіргі ғимараты 1985 жылы сәулетшілер Ю.Ратушный, З.Мустафина және Б.Рзагалиевтің жобалары бойынша салынған. Бүгінде ҚР Мемлекеттік Орталық музей қоры материалдық және рухан мәдениеттің үш жүз мыңға жуық құндылықтарынан тұрады. Музейде негізгі жеті экспозициялық зал жұмыс істейді.

Бірінші зал палеонтология және археология кешендерінен тұрады. Палеонтология бөлімінде республикамыздың 300-ден астам орындарынан табылған артефактілер: қомақты остеологиялық материалдар, бірнеше миллион жылдар бұрынғы тасқа айналған ағаш діңдерінің, түрлі жәндіктер мен балықтардың қалдықтары мен іздері, өсімдіктердің микро-скопиялық талшықтары мен тозаңдарының фрагменттері орна-ластырылған. Археологиялық экспозиция ғылыми негізделіп, қайта қалпына келтірілген ежелгі жерлеу орындары, культтік ғимараттар, ортағасырлық сәулет өнері ғимараттарының макеттері, бірегей археологиялық ескерткіштерден құрылған диорамалардан және т.б. түзілген. Есіктен табылған сақ бекзадасының — әйгілі “Алтын адамның” ғұрыптық киімі мен қару-жарағын археолог Әлішер Акишевтің тың ғылыми жобасы бойынша танымал суретші Қырым Алтынбеков қалпына келтірді.

Екінші залда дәстүрлі қазақ мәдениетіне, тұрмысы мен шаруашылығына қатысты заттар: XVII – XIX ғғ. қару-жарақтар, сарбаз сауыттарының бай коллекциясы, зергерлік әшекейлер, киіз-кілем жасау өнерінің, қазақ кестесінің әр алуан үлгілері, ұлттық үрдісте жабдықталған қазақ киіз үйі қойылған. Олардың ішінен қазақ шеберлерінің алтын жіппен кестелеу өнерінің бірегей үлгісі болып табылатын Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгірдің зайыбы – Фатима ханшаның бешпетін, Арыстан сұлтанның (XIX ғ. бірінші жартысы) Қасиетті Құранның аяттарымен көркем-делген жауынгерлік сауыттарын ерекше атауға болады.

Үшінші зал — «Ұлы Отан соғысы және диаспоралардың мәдениеті» залында Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралардың тарихы мен этнографиясын паш ететін экспозициялық бөлімдер орналастырылған. Витриналарда орыс, украин, белорус, неміс, шешен, ингуш, түрік, күрд, ұйғыр, корейлердің және т.б. халықтардың бірегей фотосуреттері, құнды құжаттары, тұрмыстық заттары, қолөнері мен бейнелеу өнерінің туындылары қойылған. Осы залдағы «Корейлердің дәстүрлі мәдениеті» экспозициясы қазақ-корей дипломатиялық қатынастарының оң жылдығына орай Оңтүстік Кореяның Этнографиялық Ұлттық музейімен бірлесе ұйымдастырылған. Экспозицияның ерекшелік сипаты – қазіргі технологияны пайдалану болып табылады, келушілер сол арқылы виртуалды түрде корей халқының ұлттық киімдерін өлшеп, пішіп көре алады және корей алфавитінің сырларымен танысады.

Аталмыш залда «Қазақстан (1941-1945 жж.) Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты экспозиция да орналасқан.

Төртінші зал Қазақстанның егемендік алған 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтиды. Залда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – елтаңба, ту, әнұран, Конституцияның түпнұсқасы (1995 ж.), мемлекеттік марапаттар, ақша белгілері, маркалар, экономика, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және спорт туралы материалдар, сонымен қатар Қазақстан Президентіне берілген сыйлықтар қойылған.

Бесінші зал “Ашық қор” – “Қазақстанның археологиялық алтыны”. Экспозиция Қазақстан аймақтарынан табылған бірегей жәдігерлермен: Шілікті, Тарасу (б.з.д.VIІ-VІ ғғ.), Покровка (б.з.д.V ғ.), Жалаулы (б.з.д.VIII-VII ғғ.) және Қарғалы (б.з.д. II ғғ.) қорымдарынан табылған сақ, сармат, үйсін тайпаларының алтын бұйымдарының түпнұсқаларын және отырар-қаратау мәдениеті ескерткіштерін таныстырады (IV-V б.з.д).

Алтыншы зал антропология музейі — Орталық Азиядағы бірегей музей. Экспозиция алғашқы адамдардың өмірінің ең маңызды кезеңдерін бейнелей отырып, ғасырлар қойнауындағы оқиғалар арқауына жетелейді. Экспозиция адамзаттың қалыптасуын: қазіргі адамның даму үрдісін және оның жер бетінде таралуын, расогенетикалық және этногенетикалық тарихын көрсетеді. «Алтайдағы Берел патша (ер мен әйел)қорғаны» диорамасында осы қорғанның толық жаңғыртпасы берілген.

Жетінші залда 1879 жылы Қазақстанға келген орыс суретші-кескіндемешісі, өлкетанушысы, этнографы, Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, Орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімін құрушы Николай Гаврилович Хлудовтың (1850-1935) коллек-циялары көрсетілген. Н.Г.Хлудовтың шығармашылығында қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің және өлкесінің бай табиғатының әр түрлі қырларын бейнелеуге арналған жұмыстар айрықша орын алады. Оның мұраларының ең айтарлықтай бөлімі (214 сурет) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қорында сақтаулы.